2020 жылы бері Президент пәрменімен 10 тамыз Абай күні болып бекітіліп, ресми мерекелер тізіміне енген еді. Содан бері елде жыл сайын қазақтың ұлы ағартушысы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ойшыл, қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының туған күнін атап өтеді.
Маңызды күнге орай С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да ұлы тұлға Абай мен оның ізбасары, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Шәкәрімге арналған «Абай және Шәкәрім. Ұлылар үндестігі» атты актілік дәріс өтті. Шарада ЖОО профессоры, филология ғылымдарының докторы, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі Айжан Қартаева қатысушыларды «Жаңа ғасырдағы Абайдың «Толық адам» тағылымы» монографиясымен таныстырды. Айта кетейік, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ұлы ақын-ағартушыны ұлықтауда еш уақытта шет қалған емес.
- Білім ордасы қабырғасында «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты қарқынды жұмыс істеуде. Польшаның Свече қаласындағы Лингвистикалық-технологиялық университетте «Абай» жастардың ғылыми-білім беру орталығы ашылғаны баршаға мәлім. Одан қалса, үздік студенттерді білімге және ақын мұрасын әспеттеуге ынталандыру мақсатында арнайы «Абай атындағы шәкіртақы» тағайындалған болатын. Одан бөлек, «Абайдың құқықтық көзқарасы және «Қарамола ережесі» атты менің монографиям да жарық көрді. Бұның бәрі Аманжолов университеті ұжымының ақын мұрасы үшін атқарған қыруар шаруаларының бір парасы ғана. Және бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғаса береді, - деді ректор Мұхтар Төлеген.
Шара ұйымдастырушысы Айжан Қартаеваның айтуынша, «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ақынның 175 жылдығы аясында ашылған еді. Сол уақыттан бері қарқынды жұмыс істеп келеді.
- Ол жерде бай кітап қоры сақталған. «Абайтану» ҒЗО өңір мектептеріне белсенді қолдау көрсетеді, сол арқылы ақынның рухани-адамгершілік философиясын өскелең ұрпаққа насихаттайды. Одан бөлек, ҚР БЖҒМ-мен бекітілген 5 және 11 сыныптарға арналған оқу бағдарламасы әзірленіп, Қазақстанның барлық өңірлерінде енгізілген болатын. Абайдай, Шәкәрімдей тау тұлғалардың әдебиетіміз бен мәдениетімізде қалдырған іздері бүгінгі ұрпақтары біз үшін – асыл мұра, - деді абайтанушы ғалым.
Шара спикерлерінің айтуынша, ел азаматтары терең тарихы бар әлемдік өркениетке өз үлесін қосқан халықтың мирасқорлары. Бүгінгі шараның мәні осыны әсіресе, жастарға жеткізуде жатыр.