15.08.2023 «ГИДРОЭКОЛОГИЯ, МЕНЕДЖМЕНТ ЖӘНЕ ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ СУ ҚАУІПСІЗДІГІ» - БОЛАШАҚ МАМАНДЫҒЫ Бұған дейін ШҚУ-да «ҚР педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 оқу жылынан бастап оннан аса білім беру бағдарламасы енгізілетіні хабарланған болатын. Мамандықтардың ішіндегі ең ерекшелердің әрі маңызы зор білім беру бағдарламасының бірі - «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі». Бұл туралы ІТ және жаратылыстану ғылымдары Жоғары мектебінің деканы Салтанат Адиқанова айтып берді. - Ел Үкіметі күн тәртібіне сумен қамтамасыз етумен, су қауіпсіздігімен, су ресурстарының ластануымен және су объектілері флорасы мен фаунасының биоәртүрлілігінің төмендеуімен байланысты проблемаларға ден қою және оларды шешу мәселесін қойған еді. Гидроэкология, су ресурстарын қорғауды және су қауіпсіздігін басқару саласында әмбебап кадрларды даярлаумен байланысты аталған мамандық ашылды. Бірегейлігі мен негіздемесі осы. Өйткені, қазір Қазақстан ғана емес, дүние жүзінде су тақырыбы өте өзекті. Ал республикамыздың көп аумағы шөлейтті аймақ саналатындықтан, осы саладағы болашақ мамандарды дайындау одан әрі терең маңызға ие бола түседі, - дейді Салтанат Адиқанова. Оның айтуынша, білім беру бағдарламасы су қауіпсіздігімен айналыса алатын, гидроресурстарды мониторингілеуде жаңа сандық технологияларды пайдалану есебінен суды тұтыну жүйесін жаңғыртуға қабілетті, ГИС-технологияларын интеграциялап, химиялық талдаудың заманауи әдістерін жүзеге асыратын білікті мамандарды оқытуды – басты мақсат еткен. Мамандыққа түскен студенттер әдеттегідей 4 жыл оқиды. Оқыту қазақ және орыс тілінде. Бітіріп шыққан түлектер ҚР гидрометеорология және қоршаған ортаны мониторингілеу органдарында, гидросфераны зерттеумен байланысты академиялық және ғылыми-зерттеу институттарында, табиғат қорғау және табиғатты пайдалану басқармалары сияқты мамандары сұранысқа ие көптеген орындарда жұмыс істей алады. View the full image шартты сурет. ашық дереккөзден