27943 әскери бөлімінде кафедра курсанттарының Әскери ант қабылдау салатанатты шарасы өтті. Запастағы офицер оқуын аяқтаған 86 адам Отанды қорғауға, оған қалтқысыз қызмет етіп, бейбітшілігі мен тыныштығын сақтауға серт етті.
Іс-шараға университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, Қарулы күштердің өкілдері мен ата-аналар қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 11 мамырында басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлегеннің бастамасымен ЖОО базасында Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра ашылды.
- Осы жылдар ішінде біз бозбалалар мен қыздарға сапалы әскери-есептік мамандықтарды оқыту, жастардың әскери-патриоттық рухтарын ояту және Отан қорғаушылар имиджін арттыру сияқты негізгі мақсаттарға қол жеткіздік. Барша курсанттарды, ант қабылдап, әскери атақ алумен шын жүректен құттықтаймын!, - деді ректор Мұхтар Төлеген.
Қабанбай батыр атындағы әскери кафедраның бастығы Александр Керенцевтің айтуынша, жастар Отан қорғауға ғана емес, өмірде де қажет ішкі тәртіпке, жауапкершілікке, мақсат қойып оларға жетуді үйренді.
Енді, «Запастағы офицер» шенін алған студенттер қарулы күштер мен күш құрылымдарында қызмет етуге құқылы.