18.08.2023 ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ЖӘНЕ ӘГП КАФЕДРАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Қазақстан тарихы және ӘГП кафедрасының ұйымдастыруымен, Катон-Қарағай ауданында орналасқан «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы және ШҚО Білім басқармасының қолдауымен халықаралық семинар өтті. Халықаралық семинардың тақырыбы: «Көне түркі зерттеулеріндегі келелі мәселелер: ерте дәуірден бүгінгі күнге дейін». Мажарстаннан келген ғалымдардың қатысуымен өткен семинардың басты мақсаты - білім беру кеңістігінде кәсіби даму мәселелері жөнінде өзара әрекет пен ынтымақтастықта жұмыс істеуге жағдай жасау, тәжірибе алмасу болып табылды. Халықаралық ғылыми семинарға қатысушылар: облыстық, қалалық білім бөлімдерінің өкілдері, мұғалімдер, ЖОО оқытушылары және т.б. Атап айтқанда, семинар жұмысына ғылыми экспедициямен Алтай өңірін зерттеп жүрген Мажарстан Ғылым Академиясының академигі, ғалым Шандор Ласло Папп және Мажарстан Ғылым Академиясы, Назарбаев университетінің профессоры, белгілі түркітанушы, тарихшы, этнограф Дәуіт Шомфай Қара, тарих ғылымдарының докторы, профессор, археология институтының директоры, белгілі археолог З.С. Самашев, С. Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры З.О. Дүкенбаева, С. Аманжолов атындағы ШҚУ Қазақстан тарихы және ӘГП кафедрасының оқытушылары, Катон-Қарағай ауданының тарихшы ұстаздары қатысты. Семинар барысында түркі-қазақ тарихының құндылықтары, тарихи сабақтастықтары, әлемдік өркениеттегі Берел қорғандарының зерттелуі, Сяньби ескерткіштері, сақтардың құнды жәдігерлері (Үржар және Тақсай ханшайымдары мысалында) және археологиялық іс-тәжірибе туралы, университет пен мектеп байланысының маңыздылығы жайлы баяндамалар оқылып, пікір бөлісу алаңында қызу талқыланды. View the full image View the full image