25.04.2023 СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ Шығыс Қазақстан облысының көпсалалы университетінде өңір тұрғындары үшін Наурыз мерекесі ұйымдастырылды. Студенттер мен қонақтар үшін 10 қазанда бір тонна палау дайындалып, киіз үйлерде 500 литр наурыз көже құйылып, бірнеше мың ыстық әрі дәмді бауырсақ әзірленді. Amanzholov University дүбірлі Наурыз думанын кең көлемде тойлады. Әсем ұлттық киімдер, спорттық сайыстар, тіл үйірер тағамдар үйлесіп бірлік пен достық атмосферасы орнады. Ауқымды мерекеге 2000-нан астам адам келді. Таяуда ғана Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетті қорғауға және дамытуға үндеді. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Қазақ халқының өзіндік мәдениетінің бастауы салт-дәстүрде жатыр». Біздің мәдениетіміздің ерекшелігі ұлттық киімде де жарқын көрініс табуда. Егер өскелең ұрпақ ұлттық киімін тек Наурыз мейрамы мен басқа да мерекелерде ғана емес, күнделікті киетін болса, керемет болар еді. Ұлттық мәдениет – бұл халық өмірінің айнасы, оның болмысының көрінісі. Ал елдің рухани дамуы ұлттық сананың дамуымен тікелей байланысты» деген. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ мерекені барынша көңілді тойлады. Оқу орны алдына жеті ақшаңқан киіз үй тігілді. Қонақтар Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Дінмұхамед Қонаев, Сәрсен Аманжолов, Қаныш Сәтпаев, Юмаш Уәлиев, Қанипа Бітібаева «ауылдарында» болып, киіз үйлердің сән-салтанатымен, ұлы тұлғалардың өмірі және қызметімен танысты. Келгендер үшін арнайы дастархан жайылып, Наурыз көже ұсынылды. – Бүгінгі бұл мереке көпэтносты Қазақстанымыздың барлық халықтары үшін маңызды мейрам. Ежелгі Наурыз мейрамы көне дәстүрлердің сабақтастығын сақтай отырып, заманауи өмірмен үйлесті. Наурыз – көпұлтты еліміздің бірлігінің символы, бәріне ортақ мереке. Сондықтан, біздің мемлекетіміздің басты құндылықтары - бейбітшілік пен келісім туралы есте сақтау өте маңызды, - деп атап өтті Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген. Этноауылда ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Оның ішінде арқан тарту, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ бар. Ал, университеттің бас ғимаратының аумағында алтыбақан орнатылды. «Ұлы дала қолөнері» көрмесі көрермендердің асқан қызығушылығын тудырды. Туынды авторлары жас суретшілер Шоқан Әділет пен Альбина Әлібекова. Қылқалам шеберлерінің айтуынша, оларға қазақ халқының бай мәдениеті, тарихи тұлғалар, дәстүрі шабыт сыйлайды. Сонымен қатар студенттер арасында ең дәмді дайындалған бауырсақ пен үздік студенттер жатақханасы байқауы ұйымдастырылды. Екі байқау нәтижесі бойынша да №1 Студенттер үйінің жастары жеңіске жетті. Көктемді тойлау барысында университет жанындағы мұражай экспонаттарының көрмесі ұйымдастырылды. Шеберлер көздің жауын алар тұмарлар, қолдан жасалған қуыршақтар, ағаш ыдыс-аяқтарды тізіп, ұлттық оюлармен өрнектелген бұйымдарын ұсынды. Келушілер Қазақстанда тұратын халықтардың ұлттық тағамдарынан да дәм татты. Жижиг галнаш, хингалш, пахлава, искандер сияқты ерекше тағамдар ұсынылды. – Бүгін өзгеше күн, өзгеше мейрам. Шуақты күн мен жұрттың көңіл-күйі жарасып тұрғандай. Университеттің қандай болсын жетістігі үшін ризамын. Мықты түлектеріңіздің көп болуын, профессор-оқытушылар құрамының еңбектерінің жемісті болуын тілеймін. Білікті басшы Мұхтар Төлегеннің бастамасымен жұмыстарыңыз табысты бола берсін, – деді ақжарма тілегін арнаған Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО филиалының төрағасы, университеттің құрметті профессоры Әлібек Қаңтарбайұлы. Сахнада студенттер қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуының тарихи кезеңдерінен сыр шертетін нөмірлерін ұсынды. Музыкалық мазмұн ұлттық өнердің әр түрлі жанрларын қамтыды. Күмбірлеген күй мен әсем ән, ырғақты би жұртты бірден баурады. – Біздің жастар әрқашан үздік өнер көрсетеді. Бұл жерде білім алатынымды мақтан етемін. Өйткені, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ылғи да алда. Оқу орны менің екінші үйімдей болып кетті. Білім ордамызда әрбір мейрам ерекше аталып өтеді. Керемет көңіл-күй сыйлаған үшін басшылыққа, профессор-оқытушылар құрамына және студенттерге рахмет, – деді екінші курс студенті Құралай Құмашева. Наурыз мерекесі жоғары оқу орнының үздік қызметкерлерін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің атынан және университет атынан медальмен, Құрмет грамоталарымен марапаттау шарасымен жалғасты. Сондай-ақ Өскемен қаласының №43 мектебінің оқушысы Әсел Мұздапароваға Amanzholov University-де төрт жыл тегін білім алуға мүмкіндік беретін сетификат табысталды. Жоғары сынып оқушысы «Ғылым апталығы» аясында өткен ғылыми викторинада үздік нәтиже көрсеткен. Университет студенттері мен ұжымы көптен күткен мереке би кешімен аяқталды. View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image View the full image