21.07.2023 СТУДЕНТТЕР АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША БІРНЕШЕ МЕМЛЕКЕТТЕ ОҚЫП ҚАЙТАДЫ С.Аманжолов атындағы ШҚУ бірнеше шетелдік ЖОО-дарымен жақсы ынтымақтастық орнатқан. Халықаралық университеттермен қарым-қатынасты арттыруға септігін тигізетін – академиялық ұтқырлық бағдарламасы. Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Слямбек Оразалин күзде академиялық ұтқырлық аясында шетелдік оқу орындарында оқуларын бастайтын бірнеше студентпен кездесіп, бағдарламаның мақсат-міндеттерін, студенттерге қойылатын талаптарды талқылап, түсіндірме жұмысын жүргізді. – Әрине, студенттеріміз академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алуды басқа мемлекетте жай ғана болып қайту деп түсінбейді. Білім алушыларымыз саналы түрде таңдау жасап, құжаттарын жинап, арнайы әңгімелесуден өтті. Бір семестр бойы әлемнің үздік оқу орындарында білім алады. Оларға университет тарапынан артылған сенім, жүктелген жауапкершілік бар. Сондықтан, студенттеріміз үмітімізді ақтайды деп ойлаймын, – дейді Слямбек Оразалин. АҚШ-тың Йена қаласына сапарға дайындалып жатқан «Шет тілі: екі шет тілі» бағдарламасының студенті Шамиль Байсейітовтың айтуынша, университеттегі академиялық мобильділік бағдарламасы ел көріп, жаңа нәрсе үйренемін деген жастар үшін тамаша мүмкіндік. – ШҚУ осындай мүмкіндік беріп жатқанына қуаныштымын. Ол жаққа барғанда университет оқытушылары мен ректордың үмітін ақтауға барымды саламын. Жоғары баға алып, жақсы көрсеткіштерге жету өзіме де жақсы. Ағылшын тілін жетік меңгеріп, мол тәжірибе жинап қайтамын, - деді Шамиль Байсейітов. Айта кетейік, биыл Адам Мицкевич атындағы университет (Познань, Польша), ЛАДО Халықаралық институты (Вашингтон, АҚШ), Клуж-Напока техникалық университеті (Клуж Напока, Румыния) сияқты бірнеше оқу орынында ШҚУ-дың 11 студенті академиялық ұтқырлық арқасында білім алады. View the full image View the full image Шамиль Байсейітов View the full image Даяна Торыбаева View the full image Аяулым Құрылыс