Университетте серіктес оқу орыны – Венгрияның Сегед университетінен арнайы келген қонақтардың қатысуымен «Қазақ-Мажар Алтайтану зерттеулері: Көне дәуірден қазіргі заманға дейін» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар өтті.
Жиналыста Сегед университетінің профессоры, Алтаистика кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д. Шандор Папп пен Мажарстан Ғылым академиясы Этнография институтының аға ғылыми қызметкері, Ph.D доктор Давид Шомфаи Карамен екіжақты ғылыми ынтымақтастықты нығайту, Алтайтанудағы өзекті мәселелер жайы талқыланды.
Қонақтар Amanzholov University-мен ғылыми байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты. ШҚУ ғалымдары және оқытушыларымен бірлесіп, Қазақ-Мажар мәдени және тарихи сабақтастығы, Қазақ хандығы тарихы, Түркітану мәселелері мен Алтайтану тақырыптарындағы бірлескен ғылыми ізденістерге белсенді ықпалдасатындарын сөз етті. Оған қоса, Ғалым Шандор Папп мырза ШҚУ студенттері мен докторанттарына ғылыми жұмыстарда жәрдемдесуге, қажет болса жетекшілік етуге қуана кірісетінін атап өтті.
- Мұндай екіжақты ынтымақтастыққа біздің университет қашанда дайын. Білім ордамыздағы «Алтайтану» ҒЗО қызметкерлерінің, тарихшылар мен филолог ғалымдардың тың жобаларды бастап, зерттеулерді жүргізуге ғылыми әлеуеті жеткілікті. Осылайша, С. Аманжолов атындағы ШҚУ білім беру ісінде халықаралық байланыстарды одан әрі дамытады, - деді ректор Мұхтар Төлеген.
Айта кетейік, Университет білім беруді интернационалдандыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде жақын және алыс шет елдермен халықаралық байланыстарды жақсы қолға алған. Amanzholov University әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам университеттермен ынтымақтастық туралы келісімдерге ие.
09.08.2023
ВЕНГРИЯНЫҢ СЕГЕД УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ